БалаларБілім

Профессор Сабыр Сеңкібаев өзі қызмет еткен мектеп оқушыларымен кездесті

Белгілі педагог Сабыр Сеңкібаев Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушыларымен кездесті. Өзінің ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстаз үшін бұл жер – қара шаңырақ. Жамбыл ауданының тумасы осы оқу ордасында еңбек еткен екен.

САБЫР СЕҢКІБАЕВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:

Мен бұл мектепте 10 жыл еңбек еттім. Тарих және география пәндерінен сабақ бердім. Жастық шағымның көп бөлігі осында өтті.

Сабыр Сеңкібаев – Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын терең зерттеген жан. Бұл іске ол өмірінің отыз жылға жуық уақытын арнапты. Нәтижесінде 150 ғылыми мақала, 20 әдістемелік құрал және 3 монография жарық көрген. Ұлағатты ұстаз оқушылармен өмір жолындағы тәжірибесімен бөлісті, өнегелі әңгіме айтты.

САБЫР СЕҢКІБАЕВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:

Жастар бұрынғыдай емес, дамыған, техниканың тілін жақсы біледі. Дегенмен, ұлттық қағидаларды, ұлттық педагогиканы, тәрбие жұмысын ұмытпау керек. Соны әрқашан жастардың есіне салып отыру керек.

Оқушылар өнегелі ұстаздың әр сөзін зейін қойып тыңдады. Өздерінің сұрақтарын да қойды.

АҚМАРЖАН ТҮКЕН, Әбу Досмұхамбетов атындағы ОДБМГИ оқушысы:

— Біздің мектебімізде ай сайын түрлі тәрбиелік және мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Бүгін сол шаралардың жалғасы ретінде белгілі тұлға келді.

Кездесу соңында жастар мағжантанушы ұстазға арнап өлең шумақтарын оқып берді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы