Жақсы журналист – қоғамның айнасы. Медиатренер және цифрлық коммуникациялар саласының маманы Полина Шиманская осындай ұстанымда. Білікті маман Петропавлға келіп, солтүстікқазақстандық журналистерге арнап шеберлік сабағын өткізді. “Заманың түлкі болса, тазы болып шал” дегендей, азаматша бүгінгі әріптестерінің заманауи болғанын қалайды.
ПОЛИНА ШИМАНСКАЯ, медиатренер:
— Қазір технологияның дамыған заманы. Журналист соның тілін тауып, барлығын меңгере білуі қажет. Видеоны монтаждау, түсінікті оқу, таза сөйлеу, бар ақпарды алу және қорыту. Тілшінің бойынан осы қасиеттер табылғаны жөн. Тағы бір басымдық беретін тұс – жаңалықты халыққа дұрыс жеткізу. Ал жасанды интеллектіні көмекші құрал ретінде ғана пайдалану керек.
Кездесудің басты мақсаты – өңірлік журналистердің кәсіби деңгейін дамыта отырып, заманауи медианың жаңа бағыттарын таныстыру. Қатысушылардың арасында ұсыныс білдіргендер де бар. Олардың бірі аймақта журналистика саласын дамыту үшін арнайы мектептер ашу қажет деп санайды.
ВЛАДИМИР ХОЛОД, Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының белсендісі:
— Өңірде балаларды журналист ретінде дайындайтын клуб, мектептер жетіспейді. Облысымыз осы салаға бет бұрса жақсы болар еді. Егер мамандарды жас кезінен дайындаса, өскенде қаламы қарымды тілші атанады. Мысалы, кезінде МТРК телеарнасында “Школа ТВ” атты бағдарлама болған еді. Осындай жобалар жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар, ұл-қыздар арасында байқаулар ұйымдастырылып тұруы шарт.
Полина Шиманскаяның шеберлік сабағына 10-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында редакторлар мен журналистер болды.
Мәдина Қаби