Шапшаңдық пен төзімділік сыналатын сайыс. Петропавлда грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Азамат ішкі істер саласында ондаған жылдар бойы еңбек етіп, қоғам тыныштығын күзеткен. Сонымен қатар, аймақта аталған спорт түрінің дамуына сүбелі үлес қосып, шәкірт тәрбиелеген.
ЖАНАРБЕК ҚАБДОЛОВ, грек-рим күресінен СҚО аға жаттықтырушысы:
— Жарысқа 160-қа жуық палуан қатысуда. Оның ішінде Ресейден келген жеткіншектер де бар.
Бозкілемде 75 келі салмақ дәрежесіндегі палуандар белдесуде. Ортада – солтүстікқазақстандық Санжар Өмірғазы және ресейлік Артем Кривоногов. Бастапқыда қарсыластар бір-біріне дес бермеді. Көрермендер нағыз тартыстың куәсі болды. Балалардың шеберліктері айызды қандырды. Әдемі әдістер мен комбинациялар жарыстың көркін қыздырды. Кездесудің тартысты өткені соншалық, төрешілерге жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Уақыт өте жергілікті жас жеңіске жетудің жолын тауып, турнирдің қола жүлдегері атанды.
САНЖАР ӨМІРҒАЗЫ, турнирдің қола жүлдегері:
— Грек-рим күресімен айналысып жүргеніме 5 жылдан асты. Қарсыластарым жарысқа тыңғылықты дайындалып келген. Кездесуде жамбас әдісімен жеңіске жеттім. Болашақта әлемдік додаларда атой салғым келеді.
Турнирдегі әр белдесу – кескілескен шайқаспен пара-пар. Айқын басымдықпен жеңіске жеткендер сирек болды. Облыстық ашық турнир 12 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Келесі жылы аталған жарыс республикалық деңгейде өткізілетін болады.
Нұрасыл Ахмет