Қоғам

Максим Фооттың еміне жылу жиналған қайырымдылық концерт

Петропавлдық Максим Фоот 17 жаста. Қатарластарымен ойнап-күліп, алдағы уақытқа жоспар құратын кезі. Алайда, ол бүгінде төбе шашты тік тұрғызатын Юинг саркомасымен күресуде. Бұл – қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрі. Қазіргі таңда Максим Израильде күрделі емдеу курсынан өтуде. Ем-домның құны өте қымбат. Кем дегенде 52 млн теңгені құрайды. Қажетті қаражатты жинауға петропавлдықтар көмек көрсетуде. Жақында шаһарда “Мейрімділік қаласы” атты қайырымдылық концертін өткізді. “Мейірімділік қаласы” атты жоба аясында бұған дейін бірнеше жанға қолдау көрсетілген. Мұндай шараларға өнер саласы өкілдері еш ойланбастан келіседі.

ЯНА БОГОВА, «Мейірімділік қаласы» жобасының авторы:

— Мен адамдарға көмектескім келеді. Бала кезімде көп ауырдым, сол кезде маған үнемі көршілерім жәрдемдесті. Араға жылдар салып, ана атандым, балама да көмек керек болды. Сәбиім екеуіміз талай жанның мейірімін сезіндік. Енді мен көмекке зәру жандарды қолдағым келеді.

Концерттік бағдарламадан бөлек, қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Оған қатысушының бірі – Анастасия Кузнецова. Нәзікжанды сәндік шам жасаумен айналысады.

АНАСТАСИЯ КУЗНЕЦОВА, кәсіпкер:

— Жәрмеңкеге қолдан жасалған шамдарымды алып келдім. Олар табиғи балауыздан ойыншық пішінінде жасалған. Бүгінгі сатылымнан түскен барлық табысты Максимге көмек ретінде жолдаймын. Жерлесіміздің тезірек сауығып кетуін шын жүректен тілеймін.

Максим Фооттың отбасына Қозыбаев университетінің қызметкерлері де зор көмек көрсетті. Білім ордасында бозбаланың анасы – Юлия еңбек етеді екен. Нәзікжандының әріптестері шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

— Когда к нам обратились с предложением – давайте что-нибудь организуем, мы сказали – да, где, что нужно, мы всегда поможем. И сегодня мы здесь, вы здесь, самое главное, что мы с вами команда.

Қайырымдылық концерттің нәтижесінде 1 млн 600 мың теңгеден астам қаржы жиналды. Қаражат бозбаланың туыстарына табысталды.

ИРИНА ВЕРЕТЕХИНА, Максим Фооттың туысы:

— Спасибо вам большое-пребольшое всем – и артистам, маленьким и большим, этому залу, мы бы вас прям всех обняли. Низкий вам поклон!..

 

Павел Притолюк, Ақтолқын Солтанханқызы