Қоғам

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына – 20 жыл

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлда салтанатты іс-шара өтті. Жиынға саланың маңдайалды мамандары қатысты. Жиылған қауымды “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының міндетін атқарушы Кенжекей Сүлейменова айтулы датамен құттықтады.

КЕНЖЕКЕЙ СҮЛЕЙМЕНОВА, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕАҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы:

— ҚР Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығы мерейтойы құтты болсын. Бұл – үлкен еңбек пен жауапкершіліктің, табандылықтың мерекесі.

Өңірдегі тұңғыш Халыққа қызмет көрсету орталығы Петропавлда 2007 жылы ашылды. Кейін біртіндеп аудандарда филиалдары құрыла бастады. Әуел баста орталық мамандары небәрі 30 қызмет түрін көрсетсе, қазір тізім мыңнан асады. Бұрын бәрі апталап қағаз күйінде рәсімделсе, қазір әп-сәтте электронды нұсқасы әзір болады. 20 жылдың ішінде облыс бойынша 15 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетіліпті. Таңнан кешке дейін алдына келген сансыз адамның сұрағына жауап беріп, құжатын рәсімдеуден жалықпайтын маманның еңбегі ерен. Бүгін бірқатары мерейтойлық төсбелгі, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды. Уәлиханов ауданындағы бейінді орталықта небәрі 10 адам жұмыс істейді. 10 маман күніне 100-ге жуық қызмет көрсетеді.

ЕРЖАН ӘБІШЕВ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕАҚ Уәлиханов аудандық ХҚКО басшысы:

— Біздің орталық 2008 жылы ашылған еді. Әртүрлі қызмет көрсету түрлері бар. Көбі телефон арқылы керектерін алып алады.

Халыққа қызмет көрсетуде жеделдік пен сапа маңызды. Бұл міндетті орталық мамандары абыроймен атқарып келеді. Оған жұмыс орнының жайлы, құрал-жабдықтың заманауи болуы зор ықпал етеді. Биыл облыста Есіл мен Айыртау аудандарының орталықтары жаңартылды. Келесі жылы Тайыншалық нысан жаңа кейіпке енеді.

 

Мәдина Қаби