БалаларБілім

Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Ашық есік күні” шарасы өтті

Петропавлдағы Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Ашық есік күні” шарасы өтті. Оған қалалық мектептердің 9-шы және 11-ші сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында жастарға білім ордасы туралы, жұмысшы мамандықтар жайлы кеңінен айтылды. Ұл-қыздар оқу орнының әр кабинетіне бас сұқты. Оларға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету қажеттігі түсіндірілді. Алғашқы медициналық көмек қалай жасалатындығы да үйретілді.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің әдіскері:

— Оқушыларға кәсіби бағдар береміз, өзімізге шақырамыз. Түрлі шеберлік сабақтарын да ұйымдастырдық.

“Жүз рет естігенше, бір рет көр” деген бар. Оқушылар шара барысында автокөлік жүргізуді, оған қалай қызмет көрсетуді үйренді. Колледж ұжымы еңбекқор, білімге құштар жастарды қабылдауға дайын. Бүгінде мұнда оқитын қыз жігіттердің басым бөлігі – грант иегерлері. Олар ай сайын шәкіртақы алады, тұратын жатақхана да бар.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің әдіскері:

— Колледжде “Жарқын болашақ” бағдарламасы аясында батысқазақстандық студенттер білім алады. Биыл бізде “Серпін” бағдарламасы да іске қосылды.

Шараға 10-нан астам мектептен 200-ден астам оқушы қатысты. Түсіндірме жұмыстарынан кейін болашақта колледждің табалдырығын аттағысы келетін жастардың қатары артты.

ӘНЕЛ СӘДУАҚАСОВА, қалалық №23 орта мектептің оқушысы:

— Маған бәрінен бұрын “Автомобиль құрастыру” кабинеті ұнады. Аталған бөлмеде жаңа көліктерді көрдім. Колледж оқытушылары бізге оларды қалай күтіп ұстау керектігін үйретті. 9-сыныпты аяқтағаннан кейін осы білім ордасына түсуді жоспарлап отырмын.

Қазіргі таңда колледжде 9 мамандық және 13 құзыреттілік бойынша кадрлар дайындалады. Студенттердің саны мыңнан асып жығылады. Оқу орны өңірдегі жұмысшы мамандарға деген кадр тапшылығын жоюда зор рөл атқарады.

 

Нұрасыл Ахмет