Шал ақын ауданына қарасты Мерген ауылында 300-ден аса адам тұрады. Елді мекеннің дамуына жергілікті “Гермес-Агро” серіктестігі ықпал етіп отыр. Агроқұрылым 2003 жылы құрылған. 14 мың гектар жері бар. Егін егеді, мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, жартылай дайын өнімдер де шығарады.
ВИКТОР ОКУНЕВ, “Гермес-Агро” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
— Біз суармалы егіншілікпен айналысамыз. Дәнді және майлы дақылдар егеміз. Техника паркін жаңарту – мақсатымыз. Осыған басымдық береміз. Жұмыскерлердің еңбегін жоғары бағалаймыз. Олардың тұрмысын жақсарту үшін үйлер салып, тапсырып жатырмыз.
Виталий Соколов – өз еңбегімен елге сыйлы жан. Шаруашылықта механизатор-дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Темір мен техниканың тілін тапқан шебер, істің ретін білетін тәжірибелі маман. Азамат серіктестік салған үймен қамтылыпты.
ВИТАЛИЙ СОКОЛОВ, “Гермес-Агро” ЖШС механизатор-дәнекерлеушісі, Шал ақын ауданы:
— Мен жыл бойы далалық жұмыстарға белсене қатысамын: егін егу және өнім жинау науқандарында еңбек етемін. Күзгі маусымда комбайнға отырып, егін жинасам, қысқы уақытта дәнекерлеу жұмыстарымен айналысамын. Осылайша, әр маусымда өз үлесімді қосып, жұмысты тұрақты әрі сапалы атқаруға тырысамын.
Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы мықты. Мұнда 70-тен аса заманауи техника бар. Ал осы техникаларды күтіп, күнделікті еңбегімен кәсіпорынның абыройын арттырып жүрген адам саны 100-ге жуықтайды.
Жангельды Жамалиев