Мәдениет

Ұлытаудан теңдесі жоқ жәдігерлер жеткізілді

Әр тасы тарихтан сыр шертетін Ұлытаудан қызырлы Қызылжарға теңдесі жоқ жәдігерлер жеткізілді. Алыстан ат терлетіп келген жандардың көрмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінде қанат жайды. Мұндағы әр дүние алтыннан қымбат. Қасиетті өлкеде қазақ хандарының атасы Жошы хан жерленгені мәлім. Атақты баһадүрдің мазары бар. Соның бір бөлігі теріскейге әкелініпті.

ҒАЛЫМ ОСПАНОВ, “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:

— Түпнұсқадағы жәдігерлерді әкелдік. Мысалы, Жошы хан мазарының үстіндегі құба бар. Әлкей Марғұланның деректеріне сүйенсек, бабамыз 1227 жылы қайтыс болған, ал мазары 1228 жылы салынған. Яғни, мазарға 2028 жылы 800 жыл болады.

Жошы ұлысы немесе Алтын Орда. Бұл атауды естімеу мүмкін емес. Қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекет айшылық жерді алып жатты, алыс пен жақынды бағындырды. Сол кездегі жәдігерлерді көзбен көру – зор бақыт. Әр тарихи мұра бойды тітіркендіреді.

ҒАЛЫМ ОСПАНОВ, “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:

— Алтын Орда дәуіріне қатысты теңгелер қойылған. Олар жер-жерде қолданылған. Кейбір қазіргі Украина жерінен де табылды. Солардың барлығын осында әкелдік.

Өңіріміздің тарихшылары мен өлкетанушылары үшін де бүгін айтулы күн. Олар бұрын көрмеген дүниелермен танысады. Мұндай шара арқылы әрқайсысы рухани азық алады.

САҒЫНДЫҚ САЛМҰРЗИН, өлкетанушы:

— Үлкен мәдени оқиға деуге болады. Ұлытау – тарихтың қойнауы, тарихымыздың орталығы. Кезінде бабаларымыз сол жерде топтасып, жауға қарсы тұрған.

Көрменің ашылуына университет жастары арнайы шақырылыпты. Білімді студенттер өткенге құмар. Олардың кейбірі Қазақ хандығы тұсындағы Ұлытау облысын зерттеген. Айтар деректері жетіп жатыр.

АРУЖАН МӘРЛЕНОВА, Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Керей мен Жәнібек Қозыбас жерін мекендейді. Соғыстар болады. Жәнібек ханның баласы Қасым хан Шайбанилермен соғысып, Ұлытау облысындағы жерлерді жаулап алады. Қасым – Жошыдан кейінгі ең мықты хан.

Көрме екі жұма тұрады. Онымен тұрғындар және қала қонақтары таныса алады. Айта кету қажет, жақын болашақта облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені өкілдері жылжымалы көрмемен Ұлытау жеріне бармақ.

 

Байболат Құлтанов