Петропавлда Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасы аясында облыстық семинар-тренинг өтті. Жасыратыны жоқ, былтырғы табиғи апат салдары кейбір кемшіліктерді көрсетті. Сондықтан, алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермей, кез келген қауіпке дайын болу керек. “Бұл бағытта жауапты мекемелердің бірлескен жұмысын оң жолға қою, шұғыл шешім қабылдау аса маңызды”, – дейді мамандар. Іс-шараға қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен Колумбия университеті ұйытқы болды.
САУРАН ЕРДЕСОВ, ҰҚ ДСО қоғамдық денсаулық саласы ТЖ жөніндегі орталығының директоры:
— Апат ешқашан айтып келмейді. Мамандар кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бүгін олардың дайындығын тексереміз, әртүрлі тапсырма береміз.
Семинарға санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары, ТЖД мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты. Мәселен, болуы мүмкін тасқын кезінде тұрғындар уақытша тұрақтарға көшіріледі. Бір нысанда 50-ге жуық адам болуы мүмкін. Оның ішінде жасы да, кәрісі де бар. Халық көп шоғырланған жерде жұқпалы аурулардың өршу ықтималдылығы жоғары. Сол сәтте мына отырған мамандар жүйелі түрде әрекет етуі қажет. Денсаулық сақтау саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар Жанат Әбілов шарадан мол ақпар алған.
ЖАНАТ ӘБІЛОВ, Ақмола бөлімшелік санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы СҚО бойынша бөлімінің бас маманы:
— 25 жылдың ішінде облыстағы төтенше жағдайға қатыстым. Оның ішінде құс грипі де бар.
Шараға өңір аудандарынан мамандар келген. Ұйымдастырушылар осыған дейін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді аралаған.
Нұрасыл Ахмет