БалаларСпорт

Петропавлда “Olympic fest” спорттық фестивалі өтті

Бүгін ата-аналар мен бүлдіршіндер бас қосып, өзара мықтыны анықтады. Қалада балабақша жасындағы ұл-қыздар арасында “Olympic fest” спорттық фестивалі өтті. Оған балалардан тұратын – 20 және ата-аналардан құралған 5 команда қатысып отыр. Әне-міне дегенше сайыс басталып кетті. Алдымен балақайлар өзара мықтыны анықтауда. Олар доппен жүгіру, кедергілерден өту, сақинаны дәл көздеу сынды түрлі тапсырмалар орындады.

ӘЛИАСҚАР ДУМАН, шараға қатысушы:

Мен бүгін спорт жарысына келдім. Жеңемін деген үміттемін. Маған осындар сайыстар ұнайды.

Күнделікті күйбің тіршіліктен бір сәт сергіп, ұл-қыздарын қолдауға келген ата-аналар да аз емес. Солардың бірі – Рауан Оразбай. Азамат тәртіп сақшысы болып еңбек етеді екен.

РАУАН ОРАЗБАЙ, шараға қатысушы:

Бүгін мен “Балдәурен” балабақшасынан баламмен бірге жарысқа қатысуға келіп тұрмын. Сайыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Спорттық фестиваль биыл өңірімізде 3-ші жыл қатарынан өткізілуде. “Ата-аналар мен балақайлардың басын қосқан сайыстың өзіндік мән-маңызы бар”,- дейді ұйымдастырушылар.

МӘДИНА ДАРБАЕВА, “Балдәурен” балабақшасының жетекшісі:

—  Бұл шараның мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, ата-аналармен байланысты нығайту, ұстаздардың біліктіліктерін көтеру болып табылады.

Шара соңында оқ бойы озық болған құрамалар анықталып, түрлі деңгейдегі мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы