Балалар

Петропавлда облыстық “Үміт” шығармашылық фестивалі өтті

Петропавлда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында “Үміт” шығармашылық фестивалі өтті. Облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырған сайысқа 100-ге жуық ұл-қыз қатысуға ниет білдірген.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

Фестивальге ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қатысады. Сайыс “Вокал”, “Хореография” және “Аспаптық орындау” деген 3 номинация бойынша өтеді. Барлық қатысушыларға дипломдар табысталады.

Өнер байқауына өңіріміздің түкпір-түкпірінен 7 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер келген. Қазір сахнада – қалалық Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектептің оқушылары. Қос жас дарын бұған дейін де түрлі сайысқа қатысып, жүлделі орындар иеленіпті.

АИДА СҰРАҒАНОВА, “Солнышко” вокалды ансамблінің жетекшісі:

Ансамбльдің құрылғанына екі жыл болды. Мұндай іс-шараларға жиі қатысып тұрамыз. Бұған дейін осы сынды сайыстан бірінші орын алған болатынбыз. Ал “Үміт” фестиваліне алғаш рет қатысып тұрмыз. Балалардың қобалжуын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Шығармашылық фестивальден бөлек кіреберісте түрлі қолөнер бұйымдары паш етілді. Мұндағы әр дүние балалардың қолынан шыққан. Барлығы – 100-ден астам бұйым назарға ұсынылды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы