ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Жасыл желек – біздің байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау, қорын молайтуымыз қажет. Осы мақсатта аққайыңдар өлкесінде айтулы оқиға орын алды. Булаево қаласында алғашқы орман өртін сөндіру станциясы ашылды.
Аты айтып тұрғандай, жаңа станция орман өрттеріне қарсы күрес аясында салынды. Ғимарат бастан-аяқ тұрғызылды, іші арнайы талап бойынша жабдықталды. Жобаны жүзеге асыруға 214 млн теңге бағытталды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау қоршаған ортаны қорғауға тың серпін бермек.
РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М. Жұмабаев ауданының әкімі:
— Табиғатқа жанашырлық – рухтың тазалығы. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі әрқашан биік тұрады. Сіздерге зор денсаулық тілеймін.
Орман және дала өрті кез келген сәтте бас көтеруі мүмкін. Сол үшін техника күні-түні сақадай сай тұруы тиіс. Нысан ішінде отты сөндіру көлігіне арналған орын бар. Заманауи станцияның бір ерекшелігі – маңайда 25 метрлік мұнараның орнатылуы. Ондағы камералар арқылы аумақты бекетке отырып-ақ шолуға болады.
ИГОРЬ ГОРБАЧЕВ, Булаевское орман шаруашылығы басшысының орынбасары, М.Жұмабев ауданы:
— Мұндай станция өрт сөндіру командасының жанымызда болуы үшін қажет. Команда бірнеше маманнан тұрады. Олар: жүргізуші, отты сөндіретін екі маман және кезекші трактор жүргізушісі. Өрт сөндірушілерге арналған қызметтік киімдер, құралдар бар. Олар тілсіз жауды ауыздықтау кезінде аса қажет.
Николай Кийко Булаевское орман шаруашылығында 2 жылға жуық жұмыс істейді. Инженер талай жайттың куәсі болған.
НИКОЛАЙ КИЙКО, Булаевское орман шаруашылығының орманды қорғау және сақтау жөніндегі инженері:
— Егер бір жерде өрт болса, бізге мұнарадағы камералар арқылы хабар келеді. Бірден оқиға орнына шығамыз. Қазір алқаптардағы шөп жағылады. Қауіпсіздікті сақтау керек. Жаңадан ашылған станция біздің жұмысымызды жеңілдетпек. Бұл жаңашылдық баршамызды қуантты.
Станция орналасқан Булаевское орман шаруашылығы 88 мың гектарды алып жатыр. Бұл – өңірдегі ең ірі шаруашылық. Болашақта дәл осындай өрт сөндіру бекеті Қызылжар ауданында салынбақ.
Жангельды Жамалиев