Спорт

Атақты палуандар шеберлік сабағын өткізді

Петропавлға отандық күрес жұлдыздары келді. Атағынан ат үркер Алмат Кебіспаев пен Асхат Ділмұхамедов жергілікті жас палуандармен кездесіп, шеберлік сабағын өткізді. Бесіктен белі шыға бозкілемге табаны тиген білекті жігіттер жастарға өздерінің оң жамбасына келер әдіс-тәсілдерді көрсетті. Бозкілемде талайдың тізесін дірілдеткен Алмат Кебіспаев – көпке үлгі азамат. Тек Олимпиада жүлдесін иеленбеген шығыстың тумасы балаларға біраз ақыл айтты. Ол жастардың білекті ғана емес, білімді болғанын қалайды.

АЛМАТ КЕБІСПАЕВ, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері:

— Аянбай еңбек ету керек. Жастар күн тәртібін ұстанулары керек, білімді болулары қажет. Қазақта “Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады” деген сөз бар. Спортта білім мен күш үйлесім тапқаны жөн.

Бозкілемді қоршай отырған жас палуандар чемпиондардың айтқанын мұқият тыңдап, көрсеткенін кірпік қақпай тамашалады. Араларында ауылдан келген балалар да бар. Олар болашақта тау қопаруды көздейді.

САНЖАР ҚАЖЫҒАЛИ:
— Күреспен 1 жыл айналысамын. Күрес залына ағам әкелді. Мақсатым – чемпион атану.

Айта кету қажет, бүгін Петропавлда Асылбек Мұстафинді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен турнир басталды. Жастармен жүздескен атақты палуандар жарысқа құрметті қонақ ретінде шақырылған.

 

Байболат Құлтанов