НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Қазір ауа райын болжау синоптиктердің өзіне қиын болып тұр. Кеше күн суытып, жел соғып, қыстың қаһарын сезініп едік. Бүгін құдды бір көктем келгендей, жаңбыр жауып тұр. Бірақ, жаздың қайтып оралмайтыны айдан анық. Сондықтан, жүргізушілер жолда жүру ережесін қатаң сақтауы тиіс.
Жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары жүргізушілермен тілдесті. Түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жол жүру ережелері жазылған кітапшалар таратты.
Тәртіп сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қана қойған жоқ, пайдалы кеңестерін де айтты. Мәселен, жолға шыққан адам шаршаған жағдайда кемінде 15-20 минут көзін демалдыру қажет. Тағы бір ескеретін жайт, жүргізушінің дәл қасында отырған жолаушы да қалғымауы қажет. Бұл рөлдегі адамның өзін ұйқыға тартады. Асфальт үсті тайғанақ екенін ескерсек, жүргізушілер екі есе сақ болғаны абзал.
ДАНИЯР СӘРСЕКЕЕВ, СҚО ПД ППБ аға инспекторы:
— Құрметті көлік жүргізушілері! Жол ережесін қатаң сақтауларыңызды сұраймын. Сіз қателік жіберсеңіз, жолаушылар зардап шегуі мүмкін.
Тәртіп сақшылары мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта білім ұяларын аралап, бастауыш сынып оқушыларымен кездеседі.
ДАМИР ӘБДИН, Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Балалар бағдаршамнан өткен кезде аса сақ болуы қажет. Себебі, айнала көктайғақ, көліктер тоқтай алмай қалуы мүмкін. Осы апта бойы қала мектептерін аралаймыз. Адам көп жүретін жерлерге барып, түсіндірме кітапшаларын таратамыз.
Осы ретте сандарды сөйлетсек, соңғы бір апта ішінде облыс жолдарында 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 6 адам зардап шекті.
Нұрасыл Ахмет