Петропавлда Қазақстан Халық партиясы жақтастарының форумы өтті. “Күш – әрқайсымызда!” атты жиынға саяси ұйымның республикалық және өңірлік филиалының өкілдері, қоғам белсенділері мен өзге де бірлестік өкілдері қатысты. Алқалы шараның негізгі мақсаты – елді әлеуметтік тұрғыда дамыту, әділ қоғам құру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында бастамалар ұсыну және талқылау.
ЕРМҰХАМЕТ ЕРТІСБАЕВ, Қазақстан Халық партиясының төрағасы:
— Партияның міндеті – еліміздің әлеуметтік әділдігін қамтамасыз етуге, халықтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған саяси жұмыстар атқару. Яғни, біз халық үшін әділдік жолында қызмет еткіміз келеді. Тұрғындар табысының әділ бөлінуі мен олардың әл-ауқатын арттыруды көздейміз. Оған қоса әлеуметтік қолдауларды күшейту үшін жұмыс істейміз. Білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелерді шешуге көмектесеміз.
Елімізде кәсіп бастауға мүмкіндік зор. Саяси ұйым атынан сайланған Мәжіліс депутаттары тиімді бастамалардың қабылдануына мұрындық болған.
ИСЛАМ СҰҢҚАР, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Парламентте жастарға, әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға квота қабылданды. Тиісінше, олар партия арқылы өздерін көрсете алады және жұмысын да істей алады.
Шаһарда өткен бұл форум халық пен партия арасындағы ашық диалогтың, қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымның айғағы болды.
Мәдина Қаби