Биыл Қазақстан мемлекеттік статистикасының құрылғанына – 105 жыл. Осы уақыт ішінде сала заман талабына сай дамып, халыққа сапалы әрі ашық ақпар ұсынатын деңгейге жетті. Аталған қызмет өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық маңызды деректерді жинап, талдау жасап келеді. Бұл мәліметтер аймақтың нақты ахуалын бағалауға және алдағы жоспарларды белгілеуге мүмкіндік береді. Жұлдыз Нұрғалиеваның департаментте еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асқан. Маман өзінің еңбекқорлығы мен жауапкершілінің арқасында қарапайым қызметкерден басшының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
ЖҰЛДЫЗ НҰРҒАЛИЕВА, СҚО бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары:
— Статистика саласына соңғы жылдары едәуір өзгеріс енді. Қағазбастылық атымен жоқ деп айтуға болады. Аталған салада жұмыс істеу асқан ұқыптылықты талап етеді.
Бүгінде статистикалық ақпарат халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Соңғы жылдары барлық мәліметтер электронды форматта колжетімді болды. Stat.gov.kz сайты үш тілде жұмыс істейді. Сондай-ақ, пайдаланушылар “Талдау” жүйесі арқылы деректерді график, диаграмма түрінде көре алады. Ұлттық статистика бюросы үнемі даму үстінде. Деректердің дәл, сенімді және баршаға түсінікті болуына бағытталған жаңашылдықтарды енгізіп келеді. Департаментте 17 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Людмила Балгаринаның сөзінше, қазіргі танда кәсіпорындардың 95 пайызы есепті электронды форматта ұсынады.
ЛЮДМИЛА БАЛГАРИНА, СҚО бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басқарма басшысы:
— Статистика саласында жұмыс істеп жүргеніме еш өкінбеймін. Қызметім асқан ұқыптылықты қажет етеді. Деректерді жинаған кезде бір саннан болсын қателесуге болмайды. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Аталған қызметте жүрген жандармен де тез тіл табыса білу керек.
Қазіргі таңда облыстық бейінді департамент мамандары 28 сала бойынша дерек жинақтайды. Құрылымында 14 басқарма мен 13 аудандық бөлімше бар. Салада барлығы – 100-ден астам адам еңбек етеді. Ұжымның басым бөлігін әйелдер құрайды.
Нұрасыл Ахмет