Қоғам

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Мамлют ауданында болды

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Мамлют ауданына барды. Ол елдің еңсесін тіктеп, жердің ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарының тіршілігімен танысты. Мұнда «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары тұрады. 2023 жылы мемлекеттік бастама аясында жалпы құны 55 млн теңге болатын 8 несие берілген. Ал биыл 10 адам 1200 жуық қаз алуға займ рәсімдепті. Марат Қарабалаев Мамлют ауданындағы Покровка ауылына осыдан 20 жыл бұрын көшіп келген. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының шарапатын көріп отыр. Шопан ата төлдерін ұстайды, 2 адамды жұмыспен қамтыған.

МАРАТ ҚАРАБАЛАЕВ, «Бірлік» ШҚ басшысы, Мамлют ауданы:

— 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие рәсімдеп, 187 бас қой алдым. Қазір малдың саны 250-ге жетті. Бір бөлігін сатып, шөп шабатын жабдық алдық. «Ауыл аманаты» – тиімді бағдарлама. Қайтадан несие алуға болады».

Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Мәмбетов және К» серіктестігінің қызметімен де танысты. Қазіргі уақытта іргелі шаруашылықта 1300-ден аса ірі қара бар. Егіс алқабы шамамен 30 мың гектарды құрайды. Өткен жылы мұнда елеулі оқиға орын алды. Агроқұрылымда малдың қиын сепарациялаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ералы Тоғжанов күллі өңіріміздің мақтанышы Мұрат Қаражұмановпен кездесті. Майталман механизатор, «Қазақстанның Еңбек ері» атағының иегеріне құрметті қонақ естелік сыйлық табыстады.

Жылы кездесуге еңбек ерінің жақындары қатысты. Президент марапаттаған Мұрат Қаражұманов аграрлық салада 40 жылдан астам жұмыс істейді. Өзінің әкесі, аталары да салада тер төкті.

МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, Қазақстанның Еңбек ері, Мамлют ауданы:

— Барлығы еңбектің арқасы. Денсаулығымыз мықты болса әлі де еңбек етуге болады.

Кездесу соңында Ералы Тоғжанов еңбек еріне өңірдің ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтты.

 

Байболат Құлтанов