Дайындық ауылындағы жаңадан ашылған мәдениет үйінде барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын Мәуліт мерекесіне арналған тағылымдық шара өтті. Бұл – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған айы, күллі мұсылман жұрты асыға күтетін ерекше мейрам. Жиынның басты мақсаты – Алла елшісінің өнегелі өмірін насихаттап, ел ішіндегі имандылық пен бірлікті нығайту. Облыс орталығынан арнайы келген имамдар елді мекен тұрғындарына Мәуліттің діндегі орны мен мән-маңызы жайлы мазмұнды уағыз айтты.
ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстың бас имамы:
— Басты мақсатымыз – Пайғамбарымыздың өмір жолын халыққа жеткізу. Қазақ халқы Пайғамбарымызды қатты сыйлаған. Оның есімін балаларына берген.
Мәуліт кешінде Құран аяттары да оқылды. Тағылымдық кеш – елдің рухын көтеріп, жүректерге нұр сепкен, ұлттық және діни құндылықтарды ұлықтаған мәнді шара болды. Елді мекен тұрғындары мен тумалары кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
БАҚЫТБЕК БЕКМҰРЗИН, Дайындық ауылының тумасы:
— Шарадан жақсы әсер алдым. Пайғамбарымыз жайлы мол мағлұмат алдым. Мұндай кештер біздің діни сауаттылығымызды арттырады.
Шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері аграрлық саланың дамуына зор үлес қосқан, ондаған жыл бойы техника тізгіндеген ауыл тұрғындарын марапаттады. Сонымен қатар, елді мекеннің жастары мен өнер адамдары тұрғындарға арнап ерекше концерт ұйымдастырды. Айта кету керек, бұл – жаңа мәдениет үйінде өткізілген алғашқы шара. Ауыл жанашыры Біржан Шаймерденов ырымдап, қара шаңырақтың шымылдығын Мәуліт айына арналған рухани басқосумен ашуды жөн көрген. Осындай тағылымы мол кештер қоғамда рухани тазалық пен ынтымақты нығайтып, жастарға өнеге болары сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет