Спорт

Ардагерлер арасында үстел теннисі мен волейболдан жолдастық кездесу өтті

Облыс орталығында ардагерлер арасында үстел теннисі мен волейболдан жолдастық кездесу өтті. Спорттық шараға Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов қатысты. Ералы Лұқпанұлы астаналық құраманы бастап келді. Айтуынша, мұндай шаралар бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

— Екі команда жарысып жатырмыз. Бұл да болашақта бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал етеді деп ойлаймыз.

Волейболдан матчтық кездесу еңбек ардагері, өңірдің Құрметті азаматы Қайырлы Едіресовті еске алуға арналды. Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Қайырлы Едіресұлының өңірдің дамуына сіңірген еңбегі өлшусіз екенін атап өтті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Ағамыз өмір бақи ел үшін аянбай еңбек етті. Сондықтан ол кісіні барлығымыз жақсы білеміз.

Қатысушылар жеңіске жетуден бұрын жақсы көңіл-күймен ойнауға, достық пен бірлікті нығайтуға басымдық берді. Волейбол алаңында да, үстел теннисінде де ширақ қимыл мен шынайы бәсеке байқалды. Бұл жарыс ардагерлердің спортқа, белсенді өмір сүруге деген құштарлығын айқын көрсеткен іс-шара болды.

АБАЙ ТАСБОЛАТОВ, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

— Жарысқа 70-тен асқан қариялар қатысып жатыр. Жастар да біздің жолымызды қуса екен дейміз.

ВАЛЕРИЙ ШАБАНОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

— Ардагерлердің осылай салауатты өмір салтын сақтап, спортта жүргені қуантады. Жастар бізге қарап бой түзейді. Негізі, біз аптасына 2 рет жаттығамыз, волейбол ойнаймыз. Кейін қалалық, облыстық жарыстарға қатысамыз.

Іс-шара соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар естелік суретке түсіп, мұндай спорттық кездесулерді алдағы уақытта жиі ұйымдастыруға келісті.

 

Мәдина Қаби