Полицейлер мен прокурорлар Смирново ауылында жастар мен пробациялық бақылаудағы тұрғындарға көрсетілім түріндегі сот отырысын өткізді. Шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Айыпталушы орнында – қосымша табыс табуды көздеп, синтетикалық есірткі таратқан 29 жастағы ер адам. Полицейлер оны маусым айында «спайс» есірткі затының бір дозасын сату кезінде ұстаған. Сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және ішкіліктен мәжбүрлеп емдеу туралы үкім шығарды. Сот отырысынан кейін шенділер жастармен дөңгелек үстел жиынын өткізіп, заңсыз әрекеттердің салдары мен жауапкершілігі туралы түсіндірді.