Дайындық ауылында Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың концерті өтті. Актер 20-шы ғасырда талай көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын алған. Азаматтың өнер жолында баспаған тауы, жетпеген жетістігі жоқ деп айтуға болады. Тұңғышбай Жаманқұлов шарада тек өлең айтып қана қойған жоқ. Өзінің өмірбаяны жайлы шамалы мағлұмат берді. Замандастарымен тілдесіп, жастарға баға жетпес ақылын айтты. Айта кету керек, 20-шы ғасыр дүлдүлінің әншілік жолға бет бұрғанына көп болмаған.
ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның халық әртісі:
— Мен эстрада әншісі емеспін. Басты мақсатым – қарашамен дидарласу. Теріскейге театрда қызмет етіп жүрген кезде бірнеше мәрте келгенмін.
Халық өнер иесінің әндерін сүйіп тыңдады. Шараға әсіресе егде адамдар көп жиналған. Олар балалық шақтарын еске алды. Сүйікті актерлерін көруге мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Айта кету керек, мына отырған көрерменнің ішінде көрші ауылдан арнайы келген жандар да бар.
Жақында ғана таспасы қиылған мәдениет үйі 300 адамға шақталған. Нысан жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденовтің қолдауының арқасында бой көтерді. Ішінде өнер жолындағы жандардың дамуына бар жағдай жасалған.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Биыл спорт кешенін ашқан кезде облыс әкіміне ауылға Мәдениет үйін соғып беремін деп уәде бердім. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталды.
Алдағы уақытта қара шаңырақта тұрғындарға арналған тағылымдық шаралар мен концерттер көптеп өткізіледі. Сонымен қатар, мәдениет үйінен әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, жұртшылықтың көзайымына айналатын таланттар шығатынына сенім мол.
Нұрасыл Ахмет