СҚО әкімдігі

Көші-қон мәселесі Премьер-министрдің кеңесшісімен қаралды

Облыстық әкімдікте Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен жиын өтті. Отырыста көші-қон мәселесі қаралды. Бұл – облыстағы ең өзекті түйткілдің бірі. Себебі, 10 жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан 44 мың адам көшіп кеткен. Мұны бас шайқатарлық статистика деп айтуға болады. Ал келгендердің саны әлдеқайда кем. Бұл үрдіс жалғаса берсе аймақ экономикасы тоқырауға ұшырауы мүмкін.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Көші-қон сальдосы 56 мың адамға кеміді. Оның ішінде: сыртқы көші-қон салдосы – 24 мың, ал ішкі көші-қон 32 мың адамға азайды.

Жағдай өзгермесе 2050 жылға қарай облыстағы халық саны тағы 30 пайызға кемуі мүмкін. Аталған олқылықты жою мақсатында онтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы іске қосылды. Бірақ, бұл жоба әу баста ойлаған нәтижені бермей отыр. Кейбір жанұялар жәрдемақыларын алып, келген аймақтарына кетеді. Өңірде 2014 жылдан бері “Серпін” мемлекеттік бағдарламасының да жұмыс істейтінін білеміз. Бастама аясында жергілікті университетке 1400-ге жуық студент қабылданды. Соның 40 пайызы ғана өңірде қалыпты. Ералы Лұқпанұлының сөзінше, бұл мәселені шешу үшін ауылдарға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:

— Биыл Петропавлға 4 мың адам көшіп келген. Олар үймен, жұмыспен қамтылды ма? Ауылдарға көңіл бөлінбегеннен кейін, қалаларда үлкен мәселелер туындайды.

Бұл тұрғыда мемлекеттен қолдау қарастырылған. Алдағы жылы жәрдем беру мақсатында өзгеріс орын алады. 1-ші қаңтардан бастап облысқа келген отбасыларға 6,5 млн теңгеге дейін демеу қаржы беріледі. Жер-жерде жұмыс орындары да ашылып жатыр.

ГҮЛҒАЙША ІЛІЯСОВА, СҚО “Еңбек мобильділігі” орталығының бөлім басшысы:

— Биыл облысқа 1700-ден астам адам көшіп келеді. Әзірге, жоспардың 70 пайызын ғана орындадық.

Алқалы жиынға онлайн режимде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, әр облыстың аталған мәселеге жауапты тұлғалары мен аудан әкімдері қатысты. Ералы Тоғжанов отырыс соңында аймақтың билік өкілдеріне батыстағы өңірлермен де етене жақын жұмыс істеуді ұсынды.

 

Нұрасыл Ахмет