Облыста жыл басынан бері 1800 құқықбұзушылық тіркеліп, 400-ге жуық адам темір торға қамалды. Бұл статистика өткен жылмен салыстырғанда сәл де болсын азайған. Бірақ, қоғамдық орында бұзақылық жасап, мас күйінде отбасына зорлық-зомбылық көрсететін және қылмысын қайталап жасайтындар көп. Мәселе бүгін прокурорлардың қатысумен өткен ведомстволық кеңесте қаралды.
РАУАН ТУҒАНБАЙ, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:
— Кейбір қылмыстар өсуде. Олар: қоғамдық орында жасалатын құқық бұзушылық, ішіп алып жасалатын қылмыстар.
Мақсат – аяғын шалыс басқан адамдарды темір торға тоғыту емес, оны жауапкершілікке тарта отырып тәрбиелеу. Түзу жолға түсіп, тұрақты жұмыс тауып, отбасына берекесін келтіріп, қоғамға пайда тигізу туралы айтылды жиында. Осы мақсатта басы істі болған жандармен көзбе-көз жүздесіп, өткен бұралаң жолы мен өзгерісіне құлақ түрілді. Орда бұзар жасқа таяған Әли Имақов өзі ісіне өкінетінін айтты. Ол екі жарым жыл бұрын бұзақылық жасаған. Қазір құқық қорғау органдарының есебінде тұр. Қала тұрғыны қандай іс болмасын ашуға берілмеу керек дейді. Өйткені, ойланбай жасалған әрекет опық жегізеді.
ӘЛИ ИМАҚОВ:
— Біз достарыммен түнгі клубта отырғанда өзге жігіттермен келіспей қалдық. Соңы төбелеске ұласты. Қазір
полицейлердің жіті назарындамын. Аптасына екі рет барып, белгіленіп тұрамын. Тұрақты жұмысқа орналастым. Еркіндіктің қадірін бағалау қажеттігін ұқтым. Бұған дейін жасаған қателігімді қайталамаймын.
Жалпы, шараға жазасын өтеген 150-ге жуық адам қатысты. Ал мамандар мұндай профилактикалық жұмыстар жалғасын табады дейді.
Мәдина Қаби