Облыстық әкімдік қабырғасында келесі қаралған мәселе – “Ауыл аманаты” бағдарламасының игерілуі. Облыста 2023 жылы жоба аясында жалпы сомасы 1,8 млрд теңге болатын 236 бастама іске асырылды. Ал биыл 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы бағыттауға мүмкіндік бар. Бүгінге дейін құны 600 млн теңгені құрайтын 60 жоба қолдау тауыпты. Ауылдық округтердің іскерлік мүмкіндігін анықтау мақсатында арнайы скриниг жүргізілген. Оның қорытындысымен экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант бөлісті.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
— Жүргізілген қорытынды бойынша құс шаруашылығы және ет өндірісімен айналысатын адамдардың саны басым. Осы салада жұмыс істеп жатқан 190-ға жуық ауылдық округ бар. Егіншілік пен жылыжай шаруашылығы 186 ауылдық округте қолға алынған. Тағы кейбір өңір азаматтары ара, балық шаруашылығымен және тері өңдеумен айналысады.
Бұл көрсеткіш жоба аясындағы жүйелі жұмыстың нәтижелі болғанын, ауылдық кәсіпкерлікті дамыту мен халықтың табысын арттыру бағытында оң серпін қалыптасқанын айқындайды. Жобалардың дені Қызылжар ауданына тиесілі.
ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— 2023 жылы 1,8 млрд ақша алған едік. Ол қаржыға біршама жұмыс атқардық. Биыл 6 кооператив аштық. Оның 5-еуі мал шаруашылығымен айналысады.
Осы сынды жобалар жетіп жатыр. Кездесуде Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов кәсіпкерлік саласында Солтүстік Қазақстан облысының мүмкіндігі зор екенін баса айтты.
ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
— “Елімізде “Ауыл аманаты” бағдарламасы 3 жылдан аса жүріп жатыр. Күн тәртібінде біраз сұрақтар тұр. Ең бірінші – қаржы мәселесі. Биыл 50 млрд қарастырылған. Оның 10 млрд теңгесі облыстарға бөлінді. Солтүстік Қазақстанға 600 млн теңге бөлінді.
Осындай қолдауды тиімді пайдаланып, шығарған өнімді саудалау жағын да ретке келтіру керек. Жиын соңында Ералы Тоғжанов тауарды ауыл, аудан көлемінде ғана сатпай, үлкен нарықтарда өткізудің пайдасы әлдеқайда зор екенін мәлімдеді.
Мәдина Қаби