Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 88 ауыл таза ауыз сумен қамтылды

Солтүстік Қазақстан облысында айтулы оқиға орын алды. Аймақта 88 ауылды орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтитын 4 сорғы станциясы іске қосылды. Осыған орай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Тайынша ауданында салтанатты шара өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мемлекет тарапынан облысымызға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – біздің басты міндетіміз. “Су – тіршілік көзі”. Егер елді мекендер таза ауыз сумен қамтылса, жұмыс болса, халық қалаға ешқашан көшпейді. Сондықтан, бұл бағытта ауқымды істер атқарылуы тиіс.

Жоғарыда айтқандай, сорғы станцияларының іске қосылуымен ондаған ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Оның 19-ы – Айыртау, бесеуі – Шал ақын, қалғаны Ақжар мен Тайынша аудандарында орналасқан. Айта кету керек, сорғы станциялары Көкшетау және Булаев топтық су құбырларына қосылған.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР Су және ирригация министрі:

— 2050 жылға дейін еліміздегі барлық ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Маңызды жұмыс теріскейде жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Тайынша ауданының тұрғындары тарихи сәттің куәсі болды. Олардың кейбірі бұған дейін таза ауыз су үшін дүкенге, құдыққа барып жүрді. Бүгін бұл мәселе толығымен шешілді. Салтанатты шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан жандар марапатталды. Кейін облыс әкімі мен Су және ирригация министрі аудан ақсақалдарымен бірге сорғы станциясын іске қосты. Айыртау, Ақжар, Шал ақын аудандарының тұрғындары онлайн режимде осы сәтті тамашалады.

Елді мекендерді тіршілік көзімен қамтыған нысан іске қосылғаннан кейін халық ауыз судың дәмін көріп, оң бағасын берді. Маңызды іске 25 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Жобаны жүзеге асыру үшін 404 шақырым су құбыры тартылып, 2800 құдық орнатылған. Бар ақпармен облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев бөлісті.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

— Бөлінген қаржының 75 пайызы, яғни, 18 млрд теңгесі игерілді. Қазіргі таңда облыстағы ауылдық елді мекендердің 97 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Тұрғындар суды үйлеріне кіргізе ме, кіргізбей ме өздері біледі. Біз оларды мәжбүрлемейміз. Құбыр үйлерінің жанынан өтеді.

Салтанатты шарадан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов пен Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Донецкое ауылына ат басын бұрды. Елді мекенде үйлеріне тіршілік көзі кіргізілген жандармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар атқамінерлерге атқарылған жұмыс үшін алғыс білдірді.

 

Нұрасыл Ахмет