ТЖ

Петропавлдың қақ ортасындағы дүңгіршек өрттенді

Тапа-тал түсте Петропавлдың қақ ортасынан өрт шықты. Нақтырақ айтсақ, Астана мен Интернационал көшелерінің қилысындағы сауда дүңгіршегі отқа оранды. Оқиға орнына құтқарушылар, тәртіп сақшылары жедел жетіп, отты сөндіруге кірісті.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

— Көк түтін басқан аумақты полицейлер қоршауға алды. Өрт шыққан жерге көліктерге, адамдарға өтуге болмайды. Тоқ соғуы мүмкін. Жаңа өзіміз бірнеше мәрте тоқ ұрғанын көрдік.

1 сағаттың көлемінде оттың беті бері қарады. Осы сәтте өрт сөндіруші мамандармен тілдесу мүмкіндігі туды.

РИНАТ ҚАЙЫРДЕНОВ, СҚО ТЖД жедел кезекшінің орынбасары:

— Оқиға орнына келе сала, жалпы аумағы 18 шаршы метрді құрайтын дүңгіршектің жанып жатқанын анықтадық. Қазір тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Сақтықпен әрекет етудеміз. Нысан ішіне 380 вольттық тоқ өткізілген. Осында жеке құрамның 13 қызметкері жүр және 3 техника тартылды.

Мамандардың жанкешті жұмысының арқасында от 13:05-те ауыздықталды. Сонымен қатар, бүгін түске таман Сенной көшесінде де өрт болды. Мұнда жеке кәсіпкерліктің күзетшісіне арналған аядай ғана ғимарат өртенді. Ешкім зардап шеккен жоқ.

 

Байболат Құлтанов