Петропавлда орман шаруашылығы қызметкерлері құрметке бөленді. Табиғатты аялауды өмірлік мақсат еткен жандардың еңбегі ерен. Олар қай кезде болмасын марапатқа лайық.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
— Бұл шараға 75-тен аса адам шақырылды. Олардың қатарында сала ардагерлері де, өз ісіне адал, мінсіз қызметімен көзге түсіп жүрген мамандар да бар. Барлығы да орман шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін марапатталмақ.
Кенесары Күшенғалиев аталған салада 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мальцев орман шаруашылығының инспекторы – өз ісінің шебері. Табиғат жанашыры орманшы болуды бала күнінен армандаған екен. Бүгін талай жылғы еңбек еленді. Саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматқа бейінді министрліктің «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі табысталды.
КЕНЕСАРЫ КҮШЕНҒАЛИЕВ, Мальцев орманшылығының орманшы-инспекторы, Есіл ауданы:
— Мен бұл жұмысты шын жүректен жақсы көремін. Қазір орман шаруашылығында істеймін, жас ағаштар отырғызамын. Мыңдаған, миллиондаған көшетті өз қолымен отырғыздым. Сол өсіп тұрған ағаштарды көргенде қатты қуанамын.
Ал Сәбит Түребеков – орман тынысын жанымен сезінген, тағдыры табиғатпен тоғысқан еңбек әулетінің өкілі. Оның әкесі, атасы осы салада аянбай тер төкті. Жанұяның жалпы жұмыс өтілі 300 жылдан асады. Көздің жауын алатын қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау – міндетім деп санайтын ағамыз салада сенім артар ізбасарлары көбейгенін қалайды.
СӘБИТ ТҮРЕБЕКОВ, Сергеев мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінің диспетчері, Шал ақын ауданы:
— Бүгін Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған жиынға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. “Жұмысшы мамандықтар” жылында құрметке бөлену – көп жылғы еңбегіміздің жемісі. Біздің сала табанды еңбекті қажет етеді. Жауапкершілік жоғары болуы тиіс. Қатарымызға сенім артар жастар қосылғанын қалаймыз. Еңбектен қашпау керек. Еліміздің барлық саласын дамыту қажет.
Солтүстік Қазақстан облысының орман шаруашылығы саласында мыңға жуық маман еңбек етеді. Орман қорын көзінің қарашығындай сақтап жүрген жандар биылдың өзінде 24 млн-нан астам ағаш отырғызған.
Жангельды Жамалиев