Қоғам

Облыс әкімі бөгеттерді нығайту жұмысымен танысты

Қызылжар ауданына қарасты Тепличное елді мекеніндегі қорғаныс бөгеті өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде қатты зақымданған болатын. Қазіргі күні ол қайта қалпына келтіріліп, нығайтылу үстінде. Министр Нұржан Нұржігітов онда атқарылып жатқан жұмыстарды өзі көріп бағамдады.

Бөгетті толығымен қайта құру жобасында, автожолдарды қалпына келтіруді, топырақ үйіндісінен көтерілген бөгетті су шаймас үшін темірбетон плиталарымен нығайту, дренаж жүйесі мен айналасын абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бөгеттің биіктігі былтырғы жылғы көктемгі тасқындағы ең жоғарғы су деңгейі көрсеткішімен белгіленген. Бағытталған қаржы – 2,8 млрд теңге. Бөгет басындағы жұмыстар 1-желтоқсанда толығымен аяқталмақ. Елді мекенде тұрып жатқан адам саны – 839.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі :

Прибрежное елді мекенін айнала салынған бөгеттің жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайды. Биіктігі – 7,5 метр. Жотаның ең жоғарғы көрсеткішін 2024 жылғы су деңгейінің мөлшерімен есептедік. Онда су деңгейі 102,2 сантиметр болды. Жоба құны – 3,5 миллиард теңге. Бескөл ауылындағы бөгеттің орташа биіктігі – 5,9 метр. Белгі – 101 сантиметр. Ондағы бөгет жұмысына бөлінген қаржы 2,3 миллиард теңгені құрайды.

Облыс орталығында Былғары зауыты шағын ауданындағы бөгеттегі қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Ойқаладағы бөгет толығымен даяр.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

Ушев көшесіндегі бөгеттің ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Бетон төсеу жұмыстары өткен жылы аяқталған болатын. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші бөгет Былғары зауыты шағын ауданында салынды. Оның ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды. Өткен жылы бетон плиталарын төсеген болатынбыз, биыл оны алып қайта жасадық, қазір бетон жабындысының қосылған жерлерін құйып жатырмыз. Бұл жұмыстар осы айдың соңында аяқталады. Бұл жұмыстарға Демеу қоры арқылы бағытталған қаржы көлемі 2 миллард 460 миллион теңге.

Су ресурстары және ирригация министрлігі көктемгі су тасқынының алдын алу тұрғысында “Қазсушаруашылығы” кәсіпорнының филиалдарын 84 жаңа техникамен қамтамасыз еткен. Ол су тасқынын салдарын азайтып, арналардың су өткізу жылдамдығын арттыруға, қосымша бос сыйымдылықтар есебінен оларда жиналатын су көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Министр қабылданып жатқан шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 2026 жылдың көктемінде болуы мүмкін су тасқынының алдын алу үшін өте маңызды екендігіне тоқталып, жауапты тұлғаларға жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігін міндеттеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы