Солтүстікқазақстандық жас гвардияшылар халықаралық жарыста өңір намысын абыроймен қорғап, командалық есепте топ жарды. 1-2 қараша күндері Қостанай қаласында полиция майоры Руслан Мұхановты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеге бірнеше мемлекеттің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада өнер көрсеткен петропавлдық Ұлттық ұлан академиясының курсанттары турнирде жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктердің қатарынан көрінді. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. 67 және 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен курсант Айдын Қабдусәлімов пен Байбол Қуанышов турнирде топ жарса, ауыр салмақта күш сынастырған Темірлан Жолдыбаев пен Ескендір Жайықов күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, солтүстікқазақстандықтар командалық есепте де тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Бұл жеңіс – курсанттардың жоғары спорттық шеберлігі мен табандылығының нақты дәлелі. Айта кету керек, спортшыларымыздың толағай табысқа жетуіне академиядағы спорт мектебінің қосқан үлесі зор. Онда жастарды 3 білікті бапкер дайындайды.