Мәдениет

Петропавлда жас тарихшылардың II-өңіраралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Петропавлда жас тарихшылардың II-өңіраралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Өнегеге толы шараға “Қазақстан облыстарының тарихы, мәдениеті және даму келешегі жас тарихшылардың көзқарасымен” тақырыбы арқау болды. Мұнда оқушылар халқымыздың өткені мен бүгіні жайлы баяндады. Айта кету керек, білгірлер бәйгесіне Ақмола, Павлодар облысы және Алматы мен Астананың ұстаздары, оқушылары онлайн режимде қатысты.

МҰСЫРМАН СҰЛТАНОВ, Новокаменка орта мектебінің педагог-зерттеушісі, Қызылжар ауданы:

— Оқушылар шарада ежелгі ғасырлардан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихымыз жайлы баяндай алады. Біз жастардың білімге құштарлығын оятып, тарихымызды жіті білгенін қалаймыз.

“Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ”. Кез келген мемлекеттің құндылығының бірі – өткен жолы. Оны білу өскелең ұрпақтың – басты міндеті. Алыстан ат терлетіп келген уәлихановтық жас тарихшы Қасиет Орал өз ауданында орналасқан Теке көлін зерттепті. Ол бізге су айдынының тарихы мен пайдасы жайлы айтып берді.

ҚАСИЕТ ОРАЛ, ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушы, Уәлиханов ауданы:

— Көлде Артемия салина шаяны бар. Оны көбінесе опа-далапты жасауда қолданады. Көлдегі балшықтың адамға пайдасы мол.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылардың көбі Ботай мәдениеті жайлы жоба дайындап әкелген. Томирис Жақсылықова – №1 Саумалкөл орта мектебінің оқушысы. Айыртаулық жеткіншек “Ботай” музейінің жанындағы “Жас археолог” үйірмесіне қатысады. Бүгінгі күнге дейін тарихи тұрақ жайлы мол ақпар жинапты.

ТОМИРИС ЖАҚСЫЛЫҚОВА, №1 Саумалкөл орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:

— Үйірме арқылы “Ботай” тұрағы жайлы көп мағлұмат жинадым. Болашақта белгілі археолог болғым келеді. Менің ойымша, тарихи орында әлі ешкім білмейтін сырлар өте көп. Жабайы жылқы тұңғыш қолға үйретілген мекенге жиі барып тұрамыз. Әр экскурсия сайын таңқаларлық дүниелерге куә болып жүрмін.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, соңғы жылдары ел тарихына қызығатын жастардың саны азайған. Сондықтан олар осы сияқты басқосуларды көптеп өткізу қажет дейді. Ғылыми-тәжірибелік конференция соңында үздіктер марапатқа ие болады.

 

Нұрасыл Ахмет