Қоғам

Петропавлда қармен күрес басталды

“Қызылжарда қар жоқ, қашан жауады?” деп жүрген едік, айнала бір-ақ түнде ақ көрпесін жамылды. Енді коммуналдық қызметтер көктемге дейін мамықтай ұлпаны жинаумен айналысады. Петропавлда қауырт жұмыс басталып та кетті.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Қарашаның 5-інен 6-сына қараған түні қала көшелерінде механикаландырылған қар тазалау жұмыстары жүргізілді. Көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға құм-тұз қоспасы себілді. Айта кету керек, Петропавл жолдарының жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды.

Әзірге облыс орталығының көшелеріндегі қар механикалық түрде тазалануда. Яғни, сыртқа шығарылмайды. Негізінен мұндай жұмыс қозғалыс саябырсыған уақыт – кешкі 8 бен таңғы 5-тің аралығында жүргізіледі. Бұл ретте билік өкілдері тұрғындарға көліктерін түнгі уақытта көше бойына қоймауларын сұрайды. Себебі, бұл маңызды іске кедергі келтіреді.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Учаскелер бойынша күн сайын жолдарды тазалау мен күтіп ұстау жұмыстарына 170-ке дейін техника жұмылдырылады. Қысқа дайындық аясында 5 мың текше метр құм-тұз қоспасы мен 250 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды.

Қаладағы көктайғақты байқамаған, сезінбеген жан жоқ шығар. Мұнымен жауапты мамандар күресіп те жатыр. Тұрғындар коммуналдық қызметтердің жұмысына оң бағасын берді.

 

Нұрасыл Ахмет