Орман шаруашылықтарын жаңа техникамен қамтамасыз етуге зор мән беріліп отыр. Осы мақсатта биыл 3 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 27 шағын орман өрт сөндіру кешені сатып алынды. Заманауи көліктер өртті сөндіруге арналған арнайы сорғы жүйесімен, иыққа асатын бүріккіштермен және басқа да қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жаңа техникамен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.
СҚО-да 580 мың гектар орман қоры бар. Барлығы – 12 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Биыл 60 мотоцикл сатып алуға 36 млн теңге бөлінді. Бұл көліктер орманшылардың жұмысын жеңілдетіп, заңсыз ағаш кесу мен өрт қауіптерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Әлік Хамитұлы 2013 жылдан бастап орман шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Қазір қарамағында 1800 гектар жер бар. Өрттің алдын алу үшін сол жерді бақылап еңбек етеді. Келесі жылы Әлік Мұрсәлім зейнет демалысына шығады. “Оған дейін осы жерде жұмыс атқарамын, маған барлығы ұнайды”,- дейді ол.
ӘЛІК МҰРСӘЛІМ, орман инспекторы:
— Жер бар. Сол жерді бақылаймын. Көктемде өрт қаупі артатын кезең. Сол жағдайдың алдын алу үшін жұмыс істейміз. Бүгін жаңадан техникалар беріп жатыр. Машиналардың ішінде барлық керек заттар. Өрт болған жағдайда өте қолайлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр өңірге 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Облыста 2025 жылы 24 млн 548 мың түп ағаш көшетін отырғызу көзделген. Бұл жұмысты орман шаруашылығы мекемелері жүйелі түрде жүргізіп келеді.