Қазақстанның фармацевтикалық нарығында бірқатар дәрі-дәрмектің құны төмендегені байқалады. Бұл дәрі бағасын анықтау жүйесінің жаңартылуына байланысты орын алып отыр. Жаңашылдық тиісті соманы ашық әрі тұрақты етуге бағытталған. Қазір елімізде 4994 дәрінің шектік бағасы бекітілген. Ал 1707 рецептсіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден алынып, олардың құны нарық бойынша бақыланып отырады. Осы жылы Денсаулық сақтау министрлігі елдің 20 өңірінде дәрі бағасына мониторинг жүргізді. Зерттеуге ең жиі қолданылатын 50 дәрі кірді. Талдау нәтижесіне келсек, маусым айымен салыстырғанда қыркүйекте баға – 34%, ал қазанда 50% төмендеген.