Жыл басынан бері облыста 13 бала өз-өздеріне қол жұмсауға әрекеттенген. Ал 4 жасөспірім суицидке барып, өмірмен қош айтысты. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ұлдардың арасында тіркеледі. Алаңдатарлық тағы бір мәселе – бесіктен белі шықпаған жастардың қылмысқа баруы. Биыл 57 жерлесіміз заңның ала жібін аттап, жауапкершілікке тартылған. Соның 8-і Алматыдағы арнайы тәрбие орталығына жіберіліпті. Бұл жайлы №29 жалпы білім беретін мектепте өткен ата-аналар жиналысында айтылды.
ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы:
— Бала 10 күн бойы себепсіз сабаққа қатыспаса, бұл үшін ата-ана жауап береді. Тәрбиенің бастауы – отбасы. Егер үлкендер ұл-қыздарына жеткілікті көңіл бөліп, қолдап отырса, өскелең ұрпақ депрессия, күйзеліске түспейді. Әке-шешенің “Сен жақсысың, жарайсың” деген жылы сөзі балалардың бойына қуат береді. Осы және өзге де деректерді бүгінгі кездесуде айтамыз.
Жиналыс барысында ата-аналар тарапынан да түрлі сұрақтар қойылды. Көпшілігін балалардың телефон мен интернетке тәуелділігі мәселесі алаңдатады. Олардың пікірінше, смартфон баланың ойын улайды, тілін шорқақ етеді, психологиясын бұзады.
Кездесуге облыстық психологиялық қолдау орталығының өкілдері қатысты. Олар ата-аналарға бағалы ақыл-кеңес берді. Жүздесуде оқу ұяларындағы қауіпсіздік жайлы да айтылды. Тараптар кездескен №29 жалпы білім беретін мектептің аумағында 120 бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Олар оқушылардың қозғалысын бақылайды және төбелес немесе дау-дамай туындаған жағдайда бірден директор мен оның орынбасарына хабар береді.
БАҒЛАН ЖАКУПОВА, қалалық №29 жалпы білім беретін мектептің әлеуметтік ұстазы:
— Мектебімізде 2 психолог жұмыс істейді. Оқушылардың күйзелісін анықтау үшін диагностика жүргіземіз. Анықталған жағдайда психолог балалалармен және ата-аналармен тренинг және жеке кездесу өткізеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда заманауи оқу ордасында 800 оқушы білім алуда.
Мәдина Қаби