Психологтардың айтуынша, 6 мен 16 жас аралығындағы балалар күйзеліске жиі ұшырайды. Білікті психолог Ирина Якимов жасөспірімдердің күйзеліске тап болу кезеңдерін тіпті жас ерекшеліктеріне қарай бөліп берді. Біреу мектепке барады, мектеп ауыстырады, енді біреуіне ата-ана жоғары талап қояды, мұғалімі түсінбейді – жаңа ортаға бейімделуі процесі мен қолдаудың жоқтығы балаға сең соққандай әсер етуі мүмкін. Салдарынан әке-шешесімен арадағы қарым-қатынас салқындайды, қатарластарына деген реніші көбейеді. Бастысы, бұл кезде баланың күйзеліске түскенін уақытында байқап, көмек қолын созу керек.
ИРИНА ЯКИМОВА, психологиялық денсаулық орталығының психологы:
— Балалардың көбі не себепті күйзеліске түскендерін жеткізе алмайды. Кішкентай жастағы балалардың ойынға, сабаққа қызығушылығы жоғалады, тәбеті болмайды. Ал жасөспірімдер керісінше ашуланшақ, долы болып келеді. Оларда агрессия басым болады. Сондықтан, ата-аналар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият қарап, онымен жиі сөйлесіп, қолдау білдірулері қажет. Ата-аналарға кеңесім: баламен ашық сөйлесіп, оның ішкі күйін түсінуге тырысыңыздар. Бала сын айтқанда емес, қолдау көрсеткенде ашылады. Бұдан нәтиже шықпаса, арнайы маманға жүгіну қажет. Ең бастысы, күйзеліс уақытша екенін ұмытпау керек.