Құқық қорғау органдары

“Учаске” іс-шарасы: 12 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Өңір полицейлері қыркүйектен бері “Учаске” іс-шарасын өткізіп жатыр. Бір айдан астам уақыттың ішінде мамандар есепте тұрған 7 мыңнан аса адамды тексерген. Жіті назарға алынған жандардың көбі – үйде жанжал шығаратындар мен ұсақ бұзақылыққа баратындар. Оған итермелейтін себеп – ішімдікке жақындық. Тұрғындармен жүзбе-жүз кездесу – учаскелік инспекторлардың күнделікті жұмысының маңызды бөлігі. Мұндай жиындарда петропавлдықтар көбінесе түнгі уақытта жалдамалы пәтерлерде тыныштықтың бұзылуы, аулалардағы абаттандыру, қоқыс тастау сияқты мәселелерді көтереді.

ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бірінші бөлімінің бөлімше бастығы:

— Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың үйлерін және пәтерлерін тексеру. Оған қоса, жиналыстар өткізу. Проблемаларын тыңдау.

Облыста жедел-алдын алу шарасы барысында барлығы – 12 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Ата-аналық міндетін орындамаған 200-ге жуық әке-шеше мен айналаны қоқыспен ластаған 150-ге тарта бұзақы анықталды. Сонымен қатар, үйде жақындарына тыныштық бермеген 400-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.