Көктайғақтың салдары! Солтүстік Қазақстан облысында жолаушылар мінген автобус жолдан шығып кетті. Жайсыз жайт Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылының маңында орын алды. Абырой болғанда, салонның ішіндегілердің бәрі дін аман. Зардап шеккендер жоқ. Айта кету керек, көлік Петропавлдан Түркістан облысына қарай бағыт алған. Ішінде 34 адам болған. Оның барлығы – Өзбекстан азаматтары. Оқиға орнына дер кезінде жеткен құтқарушылар жергілікті серіктестіктермен бірлесіп, жолаушылар автобусын жолға сүйреп шығарды. Кейін іргедегі Драгомировка ауылына жөндеуге жеткізді.