НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Петропавлда барлық деңгейдегі әкімдердің кеңесі өтіп жатыр. Аймақтың экономикалық дамуына жаңа серпін беретін жиынға елді мекендердің тізгінін ұстаған 200-ге жуық адам қатысты. Маңызды басқосуда жасанды интеллектіні пайдаға жарату, инвестиция тарту, бюджетті тиімді басқару және инфрақұрылымды жақсарту сияқты мәселелер қаралды.
Қазір ауылына қарап, әкімін танитын уақыт. Ел үмітін арқалаған жандар оны зор жауапкершілік пен міндет деп түсінгенде ғана нәтиже болады. Халықтың таңдауы түскен әкімдерге артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Олар қарашаның қамын ғана емес, елді мекендердің жайын да қатар ойлауы тиіс. “Бұл жиын шаруаның ширақ, жұмыстың жинақы болуына бағыт-бағдар береді”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қазіргі таңда аудан және ауылдық деңгейдегі әкімдерді халық таңдайды. Бұл елдің дамуына септесіп, билік пен қарашаның арасындағы байланысты нығайтары сөзсіз. Қазақта “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деген сөз бекерден-бекер айтылмаған. Бәріңіз Мемлекет басшысының қойған тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруларыңыз қажет.
Барлық деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшыларының басы қосылған жиында облыста атқарылған жұмыстар жайлы сөз болды. Биыл аймақ экономикасы 112,6 пайызға өскен. Бұл – ел бойынша 5-ші көрсеткіш болып саналады. Ағымдағы жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Шамамен 3 жарым млрд теңгеге 25 мектеп күрделі жөндеу көріпті. Ауылдық жерлерде 46 медициналық пункт салынған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев баяндады.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Соңғы 2 жылдың ішінде облыста 66 спорттық және 6 мәдени нысан қолданысқа берілді. Аймақта барлығы – 590 елді мекен бар. Оның 85 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 700-ге жуық жасқа 253 млн теңге жәрдемақы төленді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ауыл тұрғындары жаппай қалаға көшіп жатыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет. Ол үшін елді мекендердегі автокөлік жолдарының сапасы жоғары болуы міндетті. Аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылған? Бұл мәселеге аймақ басшысының орынбасары Нұрлан Кеңесов тоқталды.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— СҚО-да 2023-2024 жылдары 1200 шақырым жол жөндеу көрді. Биылдың өзінде мың шақырым жол асфальтталды. Оның тең жартысы – республикалық маңызы бар жолдар.
Петровка – Есіл ауданындағы шоқтығы биік ауылдық округтердің бірі. Құрамына 3 елді мекен кіреді. 1200-ден астам адам тұрады. Қазіргі таңда аталған аймақта тұрғындардың тұрмысын жақсартуға арналған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
ОРАЛБЕК ҚОНҚАБАЕВ, Петровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
— Ауылдық округте мемлекет тарапынан зор қаржылай қолдау көрсетілді. Биыл 192 млн теңгеге 4 көшенің жолы жөнделді. Қазіргі таңда Петровка ауылында Мәдениет үйі салынып жатыр. Оған 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Халық сайлаған әкімдердің 20 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте мүлдем еңбек етпеген. Бірі – бизнестен, енді бірі өзге саладан келген. Алғаш рет ел тізгінін ұстаған жандардың да үлесі басым. Сондықтан, мұндай басқосулар олар үшін ауадай қажет. Алқалы жиын тек тыңдау форматында ғана өткен жоқ. Ауылдық округ әкімдері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Отырыс соңыңда облыс әкімі аймақтың дамуына сүбелі үлесін қосқан жандарды Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.
Нұрасыл Ахмет