Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жергілікті филиалында дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараға “Солтүстік Қазақстан археологиясы: жетістіктер мен перспективалар” атауы берілген. Жиынға жан-жақтан келген археологтар, тарихшылар, мәдениет саласы мен музей қызметкерлері және студеттер қатысты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында 2023-2024 жылдары ауқымды экспедициялар ұйымдастырылған. Университет қабырғасында өткен басқосуда қазба жұмыстарының нәтижелері айтылды.
АҚАН ОҢҒАРҰЛЫ, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, Алматы қаласы:
— 3 облыста 20-дан астам экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесі көңіл қуантады. Бұрын СҚО-да 452 ескерткіш белгілі болса, енді олардың саны 700-ден асты.
Атқарылған жұмыс қағазға түскен. Шара барысында ғылыми қорытындылар жазылған 4 бірдей еңбектің тұсауы кесіліп, жиын қатысушыларына таратылды.
ТАЛҒАТ МАМИРОВ, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының жетекші ғылыми қызметкері:
— Қазба жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген еңбектер: “Қазақстанның археологиялық коллекциясы”, “Мәдени-тарихи үрдістер контексіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен этнографиялық бүгінге дейін” ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, “Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы”, “Солтүстiк Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау, пайдалану және танымал ету жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдар”. Бұларда табылған барлық ескеркіш туралы мол ақпарат жазылған.
Тарихтың тереңіне бойлау оңай емес. Археологтар өткен мен бүгіннің арасын көпірмен жалғау үшін 18 қазба жұмысын жүргізген. Оған 60-қа жуық маман қатысыпты. Ерекше назар Тас, Қола дәуірлері мен орта ғасырға аударылған екен.
АҚАН ОҢҒАРҰЛЫ, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры:
— Осы аралыққа дейін бізге “Қызыл оба” сияқты ұлттық ескерткіш белгілі болды. Кейін 100-ден астам осы типтес ескерткіш табылды. Сонымен қатар, СҚО аумағынан қазақ хандығы кезіндегі 60-тан астам ескерткіш тауып отырмыз.
Қазіргі таңда жаңадан табылған ескерткіштердің электрондық базасы дайындалуда. Сонымен қатар, атқарушы органдардан оларды сақтау мен қорғауға байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазба жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ. Институт мүшелері алдағы уақытта негізі басымдықты қаламыздың тарихына және Ботай мәдениетіне беріп, кешенді жұмыстар жүргізбек.
Ақтолқын Солтанханқызы