Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында тұрғындардың зәре-құты қашты. Түнгі 12-ден асқанда жеке үйдің ауласынан өрт шыққан. Моншадағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан от тұтанып, жақын жердегі гаражға және 50 орам шөпке тараған. Жалпы, 100 шаршы метр аумақты қамтыпты. Сонымен қатар, ғимараттардың біріндегі газ баллоны жарылған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына бірінші болып ауылдағы “Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің” мамандары жетеді. Кейін Шалқар ауылындағы өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары мен Арықбалықтағы мамандар келеді. 20-ға жуық адамның, 11 техниканың үйлесімді жұмысының арқасында от 1 жарымда ауыздықталып, 2 жарымға қарай толығымен сөндіріледі.