ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – жаңа дәуірдің негізгі тетігі. Президент Жолдауында осыны баса айтып, салаға серпін беруді тапсырды. Қазір осы бағыттағы жұмыстар аймақта қарқын алуда. Петропавлдағы “Qyzylzar” креатив орталығында ауылдық округ әкімдері жиылды. Олар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен танысты. Ел сенімін ақтар жандарға заманауи жүйелердің мемлекеттік басқарудағы тиімділігі, уақыт пен ресурсты үнемдеудегі артықшылықтары жайлы айтылды.
ДАЛАБАЙ ҚАБДУӘЛИЕВ, Николаев ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауылдың жағдайына үнемі назар аударып, нақты тапсырмалар береді. Бұл – ауылдық жерлерде қолайлы жағдай жасау деген сөз. Біз аудан деп бөлінбейміз, себебі бәріміз бір облысқа қараймыз. Сондықтан, әр ауданның дамуы бір деңгейде болуы керек. Әркім форумнан өзіне қажеттісін алады. Барлығы да дамуға байланысты, ал ауылдық жерлерді дамыту – ең басты мақсат.
Ауылдағы ағайын үшін жасанды интеллектіні бірден меңгеру мүмкін емес. Оларға жаңашылдықтарды жеткізетін жандар білікті болуы қажет. Сол үшін кездесуде жаһандық өзгерістердің басы-қасында жүрген мамандар заман игіліктерінің мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Мысалы, тұрғындардың өтініштерін арнайы бағдарламалар арқылы бір орталықтан бақылау, құжаттарды автоматты түрде реттеу және статистикалық деректерді талдау тәсілдерін таныстырды. Бұлар әкімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетеді, шешім қабылдау сапасын арттыруға бағытталған.
НҰРЖАН ТОҚБАЕВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:
— Бүгінгі курсты жасанды интеллектіні тәжірибе жүзінде қолдануға арнадық. Қоғамда жағымды өзгерістер орын алып жатыр. Денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда көптеген цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. Соларды билік өкілдеріне, халыққа, жастарға жеткізу керек. Сонда тұтас қоғамда алға жылжу орын алады деген ойдамыз.
“Заманың түлкі болса, тазы болып шал” деген бар. Ұйымдастырушылар алдарына берік мақсат қойған. Олар осындай кездесулерді жиі өткізіп, ел аузындағы маңызды өзгерістерді жалпақ жұртқа мейлінше жедел әрі жеңіл жеткізбек.
Жангельды Жамалиев