Жақында Петропавлдағы “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, абылайтанушы Болатбек Нәсенов болды. 90-ға таяған ақсақалдың сіңірген еңбегі зор. Ол талай жыл Ресей архивтерін ақтарды, құжаттарды майшаммен қарау арқылы елімізге, өңірімізге қатысты тың деректер тапты. Ат басындай алтыннан қымбат ақпарды жергілікті мамандар қағазға түртіп алған. Қаламызда салынған Абылайдың ақ үйі кезінде өртенгенін білеміз. Ал өртке дейінгі жайттар көп жерде айтылмайды.
БАУЫРЖАН ЖҮНІСОВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері:
— Өртке дейін үй жөндеу көрген. Жөндеуді Абылай хан генерал губернаторға хат жазу арқылы жасатқан. Осыны естідік.
Қазақ өзгемен де, өз ішінде де соғысты. Жаға жыртысудың кесірінен бір жеңнен қол шығара алмады. Мысалы, Әбілқайыр мен Барақ хандар келісімге келмей кетті. Соңында бірі ажал құшты.
БАУЫРЖАН ЖҮНІСОВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің қызметкері:
— Әбілқайыр мен Барақ арасында келіспеушілік болған. Солардың арасында Оренбургтің генерал губернаторы жүрген. Оған қақтығыс керек болды. Соңында Әбілқайырды Барақ өлтірді деген ақпарат тарады.
Барақтың ісі атақты билеріміз мүшелік еткен “Хандық сотта” қаралады. Сонда Абылай араласып, айыптының кінәсі кешіріледі. Туғанына биыл 190 жыл толған Шоқан Уәлиханов – ақ киізге салып, құрмет көрсетілген тарихи тұлғаның шөбересі. Теріскейге ат ізін салған Болатбек Нәсенов жергілікті зиялы қауымға, жастарға қазақтың ұлы ғалымы туралы да мол дерек ұсыныпты.
Байболат Құлтанов