Денсаулық сақтау

Туберкулезді емдеудің қысқа режимдері туралы семинар-тренинг өтті

Облыстық фтизиопульмонология орталығында өңірдің фтизиатр және фтизиопедиатр мамандары арасында көшпелі семинар-тренинг өтуде. Шараны “Денсаулық үшін серіктестер” үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) өкілдігі ұйымдастырған. Оған «Туберкулезді емдеудің қысқа режимдері» тақырыбы берілген. 2 күн ішінде 20-дан астам ақхалатты практикалық сабақтар өткізіп, түрлі клиникалық жағдайларды талдады.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛҒОЖИН, ҚР “Денсаулық үшін серіктестер” ҮЕҰ өкілдігінің жетекшісі:

— Қазіргі уақытта туберкулезді қысқа уақытта емдеуге көмектесетін түрлі препараттар шығып жатыр. Олардың пайдасы орасан. Бұрын дерттен айығуға 20 айдай уақыт кететін болса, жаңа дәрілердің көмегімен науқас 6 айдан соң құлантаза айығады.

“Денсаулық үшін серіктестер” үкіметтік емес ұйымының өкілдері туберкулезді емдеудің қысқартылған режимі жайлы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, семинар өткізіпті. Айта кеткен жөн, туберкулезді емдеу шаралары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі. Жалпы, өңірде сырқаттанушылық жағдай биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға төмендеген. Жыл сайын жоғары тәуекел тобына кіретін жандар флюорографиялық тексерістен өтіп тұрады. Нәтижесінде 80-ге жуық науқас анықталған.

АЗАТ ҚАИРБЕКОВ, облыстық фтизиопульмонология орталығының фтизиатр дәрігері:

Дертті анықтайтын заманауи әдістер бар. Қақырық алынады және арнайы құралдың көмегімен өткіземіз. Нәтижесі 1 сағат көлемінде шығады.

Бүгінгі таңда облыстық фтизиопульмонология орталығының диспансерлік есебінде 236 науқас бар. Оның 53-і дерттің ашық түріне байланысты – стационарда, қалғаны жабық күйімен сырқаттанғандықтан амбулаториялық жағдайда ем алуда.

 

Ақтолқын Солтанханқызы