Жыл басынан бері облыста жер үйлерде 43 өрт оқиғасы орын алған. Өкінішке қарай, салдарынан 5 адам қаза тапты. Келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгеден асып жығылады. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында төтеншеліктер әр баспананың есігін қағып, өрт датчигін орнатып жүр. Айта кету керек, қондырғыны орнату – тегін.
АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
— Жылыту маусымы басталғалы 1400-ден астам жер үйге датчик орнаттық. Бұл біз үшін де тұрғындар үшін маңызды жұмыс. Себебі, қондырғының дыбысы қатты. Түтін сезілген жағдайда шырт ұйқыда жатқан адамды бірден оятады. Сондай-ақ, мамандар мұржадағы тартпаға саңылау жасау қажеттігін де тұрғындарға айтып жүр.
Мамандар бұл жолы “Бірлік” ауданының тұрғыны Олег Бурлутскийдің үйіне бас сұқты. Азамат ауысымдық жұмыста істейді. Тиісінше, үйдегі жұбайы мен балалары үшін қатты алаңдайды. Енді уайымдауға еш негіз жоқ. Төтеншеліктер оның баспанасына қажетті қондырғыны орнатып берді.
ОЛЕГ БУРЛУТСКИЙ, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:
— Төтеншеліктерге алғысым шексіз. Өтінішімді жерде қалдырмады. Үйімді қызуы ұзаққа шыдайтын пеш жылытады. Шынымды айтсам, мұндай жаңа пештерден қорқамын. Датчик орнатылғаннан кейін көңілім орнына түсті.
Төтеншеліктер тұрғындардың үйіне датчик орнатып қана қойған жоқ. Түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Маңызды жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.
Нұрасыл Ахмет