Көктайғақтың салдарынан жүк таситын көлік аударылып қалды. Оқыс жайт Ғабит Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би ауылының маңында орын алған. Абырой болғанда, тізгіндегі 49 жастағы азамат аман қалды. Оқиға орнына капитан Асхат Қайыржанов пен аға лейтенант Самат Жақтаев жеткен. Полицейлер «Западное» серіктестігінің басшылығымен келісіп, арнайы техника шақыртқан. Келген трактор аударылған ГАЗ маркалы көлікті көтеруге тартылады. Көмектесу шарасы шамамен бір жарым сағатқа созылды. Артынша жүргізуші аудан орталығына қарай бағыт алды. Жалпы, биыл өңірде 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 45 адам қаза тауып, 600-ден астам адам жарақат алды. Осы орайда тәртіп сақшылары рөлдегі азаматтарды барынша сақ болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.