БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Осыдан тура 1 жыл бұрын мына ғимараттың ішінде елді елең еткізерлік оқиға орын алды. Тепсе темір үзетін жігіттер өзара жаға жыртысты. Көп ұзамай айыпты деген тұлғалар анықталды, қамалды. Ендігі кезекте – сот. Осы жылдың жылдың қыркүйек айында сот шешімі шықты. Алайда, бұл шешіммен айыпталушы тарап келіспейді. Олар апелляциялық шағым жазды.
Алғашқы апелляциялық сотта тек айыпталушылардың жақындары төбе көрсетті. Бауыр еті баласы, тағдыр тоғыстырған жары үшін келіп отырған ата-аналар мен азаматшалар әділдік орнағанын қалайды. Олар тар қапастағы 7 жігіттің жақында бостандыққа шығарына үмітті.
ЭЛЬМИРА ІЛИЯСОВА, айыпталушы Қуаныш Ілиясовтың жары:
— Сол күні жұмыс істеген балаларды 4 жыл 8 айға соттады. Клубтың директоры 5 жыл 6 айға сотталды. Біз соттың шешімімен келіспейміз.
Түнгі клубтағы төбелес камераға түсіп, таспаға жазылды. Беттерін тұмшалаған, спорттық киім киген бір топ жігіт ғимаратқа кіреді. Оларды күзетшілер қарсы алады. Аз-маз тілдесуден кейін тараптар арасында қақтығыс басталады. “Күтпеген қонақтардың” екі-үшеуі жоғарыға қарай беттеген сақшылардың бірін қуады. Қалғаны өздерін күтіп алғандарға жұдырық жұмсайды, тепкілейді.
Жаға жыртысу ұзаққа созылмайды. Әлгі шабуылдаушылардың бір бөлігі көрсетілген қарсылықтан кейін сыртқа жүгіреді. Ал іште қалғандар күзетшілерден оңбай таяқ жейді. Бұл сәтте қарауыл балға, пышақ сынды суық қарулар қолданады. Осыған байланысты қылмыстық іс “Бұзақылық” бабы бойынша қозғалады. Яғни, темір тордағы күдіктілер алдымен қорғанған, кейін өздерін ұрған қатарластарына азу батырған.
ЕРЛАН ҒАЗЫМЖАНОВ, адвокат:
— Басында ұрып, артынша күзетшілерден таяқ жеген жігіттер төбелесу үшін арнайы келгенін аңғаруға болады. Олар сот отырыстары барысында мұны мойындамады. Мынаны назарға алу керек, айыпталушы тарап қоғамдық орынға дайындықпен кірген шабуылдаушыларды тоқтатты. Иә, оқиға кезінде пышақ қолданылды. Ашуға булыққан күзетші суық қаруды қолына алып, жаға жыртысқандардың біріне жеңіл дене жарақатын салды. Бұл істі өзге бап бойынша қарау керек.
Бүгінгі отырыс ұзаққа созылмады. Қорғаушылар жаза арқалаған жігіттердің кейбірі бұған дейінгі сот отырыстарының материалдарымен әлі таныспағанын алға тартты. Бұл – заңға қайшы әрекет. Осыған байланысты судья үзіліс жариялады. Ендігі апелляциялық сот отырысы қашан өтетіні белгісіз.
Байболат Құлтанов