Петропавлдың 1-ші мен 8-ші сынып оқушыларының сырт киімдеріне түнде жарыққа шағылысатын фликерлер жапсырылуда. Бұл – полицейлердің бастамасымен жүзеге асқан “Қауіпсіздікке жарқын қадам” жобасының нәтижесі. Алдағы уақытта игі шара ауыл мектептерін де қамтымақ.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
— Бүгін біз “Мектепте жол” қозғалысын жалғастыру мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң әсерін тигізетін акция өткіздік. Оқушылар жобаға 100 пайыз қолдау көрсетті. Бұл акция СҚО-ның барлық мектептерінде өткізілетін болады.
Мектеп ауласында ұйымдастырылған көрсетілім жарық шамдарының астындағы балалардың алыстан анық көрінетінін көрсетті. Енді оларды жүргізушілер таңертең де, екінші ауысымнан кейін де оңай байқай алады. Ата-аналар тәртіп сақшыларының бастамасын қуана қолдады.
ДИАНА ҚАБИЕВА, оқушының анасы:
— 1-ші «а» сыныбында балалары оқитын ата-аналар жобаға белсене қатысты, себебі қазір балалар қараңғы кезде үйге қайтады. Бұл акция балалардың өмірлерінің қауіпсіздігіне әсер етеді деп ойлаймыз. Полиция департаментіне біздің мектепті таңдағандарыңызға алғыс білдіреміз.
Айта кету керек, жыл басынан бері облыс жолдарында 100-ден астам бала зардап шеккен, олардың әр төртіншісі – жаяу жүргінші. Сондықтан, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану – қауіпсіздікті арттырудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілі. Ұл-қыздардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жалғасуда.