Қоғам

Петропавлдағы жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай жасалмаған

“AMANAT” партиясы облыстық филиалының мониторингтік тобы “Береке” шағын ауданындағы әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізді. Мамандар таспасы қиылғанына көп болмаған емхана мен балабақшада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдай жасалмағанын анықтады. Мәселен, медициналық мекемеде үш көтергіштің екеуі ғана жұмыс істейді. Орталық лифт мүлдем істен шыққан. Тактильді жолақтар да жоқ. Сонымен қатар, тексеру жұмыстарының барысында емхананың тек бірінші қабаты ғана жұмыс істейтіндігі анықталды. Адамдарға тек екі педиатр мен бір терапевт қана қызмет көрсетеді. Ал балабақшадағы олқылықтардың өзі бір төбе. Мұндағы пандус стандарттарға сай емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әжетхана қарастырылмаған. Сондай-ақ, көтергіш те істен шыққан.

ИРИНА ЭКТОВА, облыстық мәслихат депутаты:

— Жаңа нысандардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тұрғындарға ыңғайлы болғанын қалаймыз. Әлеуметтік нысандарда техникалық және кадрлық мәселелер бар. Мониторинг қорытындысы бойынша партия мүшелері анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті органдарға материал жібереді. Біз олқылықтардың орны толғанша дейін жағдайды бақылауда ұстаймыз.