Астанада Премьер-министрдің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Алқалы жиынға онлайн режимде қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқанының аяқталғанын хабарлады. Биыл диқандар 3 млн гектар алқаптан 6,5 млн тонна астық жинады. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Орташа шығымдылық – 21,4 центнер. Айта кету керек, облыста майлы дақылға бөлінген жердегі жұмыс жалғасуда. Шаруалар мұнда да рекордты көлемде өнім алуда. Орташа түсім гектарына 12 центнерді құрайды. Өңір жетекшісінің сөзінше, төккен тердің босқа кетпеуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау да себепші.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл жетістіктерге Үкімет қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Биыл диқандарымыз мемлекет тарапынан 161 млрд теңге қаржылай көмек алды. Қабылданған шаралар көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы өткізуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себілді. Өңірде сыйымдылығы 7 млн тонна болатын 45 астық қабылдау орны бар. Бүгінде олар 54 пайызға толық.