«Беделді балалар ауруханасы». Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ұжымы республикалық байқауға қатысып, үздік атанды. Мекеме директоры Айдар Мұстафин: “Бұл – көпжылдың еңбектің нәтижесі мен кәсіби шеберліктің белгісі”, – дейді.
АЙДАР МҰСТАФИН, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
— Республикалық байқау онлайн форматта өтті. Біз әр бөлімшенің жұмысын, аурухана ішін толықтай бейнетаспаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдадық. Сондай-ақ, тиісті құжаттар ұсындық. Біз биыл 3 жарым мыңнан астам операция жасадық. Оның бәрі сәтті өтті. Облыстық ауруханада жыл сайын 16 мыңнан астам бала ем қабылдайды.
Ауруханадағы бейінді бағыттардың бірі – оториноларингология. Яғни құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдеу саласы. Бұл бағытқа жастар жағы келе бермейді дейді ақхалаттылар. Қазір ауруханада төрт ЛОР-дәрігер жұмыс істейді. Солардың бірі – Абзал Бөлекбаев. Саланың жілігін шағып, майын ішкен маман отыз жыл еңбек етіп келеді.
АБЗАЛ БӨЛЕКБАЕВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
— Бұл мамандықты таңдаған себебім, үлкен апам осы салада істеген еді. Кішкентай кезімнен сол кісіге қызығатын едім. Өскен соң осы мамандыққа келуді ұйғардым. Біздің бөлімше тек ауыз, құлақ, мұрынды ғана емдемейді. Бас сүйектерін де қарайды.
Бөлімшеде 20-дан астам бала ем қабылдап жатыр. Абзал Бөлекбаевтің айтуынша, бұрын балалар көктем мен күзде жиі ауырса, қазір экологиялық ахуалға байланысты кез келген уақытта сырқаттанып қалатын болған.
АБЗАЛ БӨЛЕКБАЕВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
— Солтүстік өңірде тұрып жатқандықтан ба балалар қазір кез келген мезгілде ауыра береді.
Бүгінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 80-нен астам дәрігер қызмет етеді. Кадр тапшылығы бар. Қатарға тағы 4 ақхалатты жетіспейді. Емнің сәтті әрі сапалы жүргізілуі мамандардың саны мен біліктілігіне ғана емес, материалдық-техникалық мүмкіндікке де байланысты. Аурухана биыл 250 млн теңгенің құрал-жабдығымен толыққан.
Мәдина Қаби